Батыс Қазақстан облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен қазан айында «Жас отан» жастар қанатының коворкинг орталығында өңіріміздің пікірсайысшыларына арналған семинар-тренинг өтті. Аталмыш шараға арнайы спикер ретінде республикалық деңгейдегі тәжірибелі пікірсайысшылар «Күлтегін» халықаралық пікірсайыс турнирінің «Үздік спикер» аталымының иегері Арнұр Мақсотов, республикалық пікірсайыс турнирінің бірнеше мәрте жеңімпазы Нұрсұлтан Тұрсынғалиев, республикалық пікірсайыс турнирінің жүлдегері, «Үздік төреші» аталымының иегері Оралхан Қажкенов, Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің арнайы «Үздік оратор» номинациясының иегері Ақерке Шайқы шақырылды. Тренинг барысында спикерлер пікірсайыстың маңыздылығы жөнінде сөз қозғап, пікірталастағы өздерінің ойнау ерекшеліктері, қолданылатын ерекше әдіс-тәсілдерімен бөлісті. Қатысушылар спикерлерге пікірсайысқа алғаш келгендегі оқиғалары, пікірталастағы қиын, қызықты сәттері жөнінде және т.б. пікірсайыс саласы бойынша сұрақтарын қойып, жауаптарын алды. Сонымен қатар спикерлер “Динозавр” және ” Титан ” фракциялары болып бөлініп көрермен жастар ұсынған “БП Әйелдің саясатқа араласуы ақталады” тақырыбында пікір таластырды. Спикерлер аталған тақырып бойынша жан-жақты әдіс-тәсілдерді қолданып үлгілі пікір-таластырды. Пікір талас кезінде уақытты тиімді пайдалана білу, тақырыпты аша білу, қандай жағдай болса да қарсыластың пікірін құлатып, өз көзқарасын мен механизміңді жеткізудегі әдіс тәсілдер көрсетілді. Қатысушы жастарға, оның ішіндегі пікірсайысты жаңа меңгерген жастар үшін үлкен тәжірибе болды. Қатысушы жастар ұйымдастырушыларға алғыстары мен ризашылықтарын білдірді.