Жастар жылына орай ағымдағы жылдың шілде, тамыз айларында Батыс Қазақстан облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен Казталов, Жәнібек, Бөкей Ордасы, Жаңа қала, Теректі, Бөрлі, Шыңғырлау, Қаратөбе, Сырым, Ақжайық, Тасқала, Бәйтерек аудандарының орталықтарында пікірсайыс семинар-тренингі өткізілді. Шараның негізгі мақсаты өңірімізде пікірсайыс қозғалысын дамыту, пікірсайыс арқылы ұшқыр ойлы, өз ойын еркін, сауатты жеткізе білетін жастар қатарын арттыру, барлық аудан жастарына тұлғалық қалыптасу мен сөйлеу сауаттылығын арттыруға мүмкіндік беретін пікірсайыс өнерін насихаттау, облыстық, республикалық додаларда өнер көрсетіп жүрген үздік пікірсайысшылармен тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау. Шара барысында пікірсайыстың шығу тарихы және оның қазіргі қоғамдағы маңызы жөнінде ақпарат берілді, пікірсайыс форматының ережелері түсіндірілді жастардың ұсынысымен арнайы тақырып таңдалып көрсетілім ойындары өткізілді. Сонымен қатар «Жастар жылы» аясында өткізілетін облыстық, республикалық деңгейде өткізілетін іс-шаралар жөнінде ақпарат берілді. Семинар-тренингке қатысушы өңіріміздегі барлық аудан жастары ерекше қызығушылық танытып көкейлеріндегі сұрақтарын қойып мысалдар арқылы жауаптарын алды. Шара соңында пікірсайыс форматының ережесі жөнінде ақпараттық брошюралар таратылып, пікірсайыс клубын ашу үшін арнайы мәліметтер берілді.