«Жастар жылы»  аясында Батыс Қазақстан облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен «Жас экономист» жастар қоғамдық бірлестігі ағымдағы жылдың 9 қараша күні  жалпы орта білім беретін мектеп оқушылары арасында  облыстық пікірсайыс турнирін ұйымдастырды. Қазақ және орыс лигасы бойынша өткізілген  пікірсайыс турниріне Теректі, Қаратөбе, Шыңғырлау аудандарының, Ақсай қаласының, Подстепный қазақ жалпы орта білім беретін мектебінің және Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің, Білім Инновация лицейінің, М.Өтемісов атындағы облыстық сауықтыру мектеп интернатының, Ə.Молдағұлова атындағы №38 жалпы орта білім беретін мектеп лицейінің, №35 жалпы орта білім беретін мектебінің, №40 жалпы білім беретін мектебінің оқушылары қатысты. Турнирге қазақ және орыс лигалары бойынша 23 фракция, 46 спикер қатысты. Аталмыш турнирдің қазақ лигасы бойынша Бас төреші қызметін Жалмұқан Ерсұлтан, орыс лигасы бойынша Иманшиева Аида атқарды.

Тартысты өткен пікірсайыс турнирінің қорытындысы бойынша қазақ лигасынан жүлделі 1-орынды Қаратөбе ауданы Қаратөбе мектеп гимназиясының мектеп оқушыларынан  құралған “Талпын” фракциясы – Қабаев Темірлан, Мақсот Аяна иеленсе, жүлделі II-орынды М.Өтемісов атындағы облыстық сауықтыру мектеп интернатының оқушыларынан құрылған “Жебе” фракциясы – Губайдуллина Эльнора, Ишан Әсел иемденді. Жүлделі III орынмен Білім Инновация лицейінің мектеп оқушыларынан құралған “Алау” фракциясы – Ғарифуллин Әділбек, Ситешов Бекзат марапатталды. “Үздік спикер” номинациясы бойынша үздіктер көшінен Темір Нұрдана көрінсе, “Үздік төреші” аталымына Нұрлан Зарина лайық деп танылды. Орыс лигасы бойынша жүлделі I орынды  Ақсай қаласы, №2 жалпы білім беретін мектебінің оқушыларының ” Орео” фракциясы – Бегов Далер, Аникина Лилия иеленіп, турнир жеңімпазы атанса,  жүлделі II орынға №35 жалпы орта білім беретін мектебінің оқушыларынан құрылған “Звездочки”  фракциясы –  Ищанов Муса, Быков Семен лайық деп танылды. Жүлделі III  орынмен  «Білім Инновация» лицейінің мектеп оқушыларынан құралған “Спорщики” фракциясы –Аскаров Арсен, Маулет Адилет марапатталды. Аталған лига бойынша “Үздік спикер”  аталымына Аникина Лилия лайық деп танылса, “Үздік төреші” Муратова Айгерим атанды. Пікірсайыс турнирінің барлық қатысушылары арнайы алғыс хаттармен, жеңімпаздар мен жүлдегерлер  дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.