Бүгін облыс әкімдігі жанындағы жастар істері жөніндегі кеңес отырысы өтті. Отырыс барысында Жастар жылы өңірдегі жастарды қолдау мақсатында атқарылған және алдағы «Еріктілер жылы» атқарылар жұмыстар жайы талқыланды.

-Облыста 132 мыңнан астам жас бар. Олар облыс тұрғындарының 20,3%-ын құрайды. Яғни облыстың әрбір бесінші тұрғыны жастар өкілі болып келеді. Өңірде 89 жастар қоғамдық бірлестігі және 14 жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы жұмыс істейді. Жалпы облыста жастар саясатына 3 млрд. теңгеден астам қаражат бөлініп, бірқатар кешенді жұмыс атқарылды. Алда атқарылар жұмыстар аз емес, – деді жиынды ашқан облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрхат Ораштың баяндауынша, облыстағы экономикалық белсенді жастар 88 мың адамды құрайды. Еш жерде оқымайтын, жұмыс істемейтін NEET жастарының үлесі 2,7 %- ды құрап отыр. Бұл көрсеткіш соңғы үш жылда екі есеге төмендеген, және республика бойынша ең алдыңғы көрсеткіш. Жастардың дамуына және өзін-өзі дамытуға жағдай жасау мақсатында облыс жастарын дамытудың 2020 жылға арналған жол картасы қабылданып, жүзеге асырылуда. Жол картасынан туындайтын мәселелерді шешуге Батыс Қазақстан облысы әкімдігі тарапынан 3 млрд. 150 млн теңге көлемінде қаражат бөлінген. 2019 жылы мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың көмегімен 8 мыңға жуық жастар жұмыспен қамту шараларымен қамтамасыз етілген. «Zhas project» жобасы бойынша 771 жоба ұсынылып, 217 жоба мақұлданып, 500 млн. теңге көлемінде гранттық қаржы берілген. Жол картасының басты жұмыс бағыттарының бірі жастардың бос уақытын жүйелі ұйымдастыру бойынша 13 коворкинг орталықтары ашылған. Алдағы жылы тағы 4 коворкинг орталықтарының ашылуы жоспарлануда. Орал студенттері альянсының көшбасшысы Муса Көнеев күллі еліміз бойынша еріктілер жұмысын бір арнаға тоғыстыруды көздейтін «Qazvolunteer.kz» еріктілер алаңы платформасымен таныстырды. Оның сөзіне сүйенсек, еріктілер халық арасына ақпараттық сайттың жұмысын насихаттауды қараша айынан бастаған. Соның нәтижесінде еріктілер порталына 23 мекеме, 432 ерікті тіркелген және бұл республика бойынша 3-орындағы көрсеткіш.
Бүгінде өңірде 15 жоба жүзеге асырылуда, оның ішінде балалармен, мүгедектермен жұмыс, аула, спорт клубтарын ұйымдастыру, инклюзивті білім беру және басқа да бағыттарды қамтиды. М.Көнеевтің пікірінше, порталда өңірлердің өз парақшалары жоқтығын айтып, облыс еріктілерінің өз сайтын ашуды ұсынды. «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Еріктілер жылын жоғары деңгейде ұйымшылдықпен өткізуіміз керек», – деді өңір басшысы ұсынысты қолдап.

Басқосуда «Жасыл ел» облыстық штабының жетекшісі Асылан Тапишев «Жасыл ел» базасында студенттік құрылыс жасақтары жұмыс форматын қайта жаңғырту мәселесін қозғап, облыс басшылғынан қолдау сұрады. Облыс әкімі құрылыс компанияларының басшыларымен бірге кездесіп, мәселені шешуге болатынын айтты. Қаратөбелік Эльдар Амантаев Еріктілер жылында кәсіпкерлермен жастардың ортақ күш-жігері арқасында әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асыру жайындағы ойымен бөлісті. Оның айтуынша, жастар ресурстық орталығының бастамасымен ауданда жалғызбасты кейуанаға үй салып, пайдалануға тапсыратындарын айтты. Алдағы жылы меценаттардың көмегімен «жасыл елдіктердің», студенттік құрылыс жасақтарының қатысуымен жастарға арналған жатақхана салу бастамасын қолдауды сұрады.