Райымбек ЕРМЕК (Emir Raikeen): “Адам өнерге әділдік іздеп келмейді”
Актёр және рэпер

Сомдаған рөлдері:
«Филоктет – Медея» спектаклінде Одиссей
«Троя аруларында» Талфибий
«Күтпеген қайырымдылық» спектаклінде басты рөл
«Қош махаббат» қойылымында Айбар
«Құдалар» қойылымында басты рөл.

Әртіс болам деген ой қашан келді?
Әртіс болам деген ой жоғары сыныпта оқып жүргенде пайда болған шығар. Бірақ 11 сыныпта бізге мамандық таңдайтын кез келгенде мен қандай мамандық тандайтынымды білмей жүрдім. Отбасымен ақылдасып спорт факультетіне тапсырам деп ойладым, бірақ ішімде кішкене күмән болды. Оралға келіп Педколледжге тапсырып көргем, бірақ ақырында достарым арқылы саз колледжі туралы естіп, сол оқу орнына тапсырам деп шештім. Қуанынышыма орай, анам өнерге жақын болған соң, қарсылық білдген жоқ. Ал әкеме аздап түсіндіру қажет болды. Бұны естігенде ол менің болашағымды қатты уайымдады.

Театрға алғаш рет келген кезі туралы
Мені театрға студенттік шақта сол кездің бас режиссері болған Мұқанғали Томанов ағамыз алып келді. Сол кезден бастап екі жылдай театрда жүрдім. Тіпті колледжге бармадым десем де болады. Театр ұжымының маған көзі үйреніп қалды. Жұмысқа кірген сәттен бастап әріптестерім мені орталарына оңай қабылдады. Олардың маған үлкен үміт артқандары үшін, үлкен алғыс білдіргім келеді. Сенімдерін ақтадым деп ойлаймын. Сол театрда жүрген екі жылым маған үлкен тәжірибе берді.

Өнер саласындағы жалақы туралы
Шыны керек, өнер саласында жүрген адамдарың жалақысы көңіл көншітендей көп емес. Бірақ өнер жолын таңдаған соң, бірінші орынға қаражатты қоя алмайсың. Адам өнерге әділдік іздеп келмейді. Ең бастысы өнер үшін еңбектену керек, кем дегенде 5 жыл. Жемісін түбінде көресін.

Мотивация және кумирлері туралы
Мен үшін мотивация керек емес деп ойлаймын. Мен үшін мотивация – бұл менің атқарып жатқан жұмысым. Бір жұмысты бастап кетсем, соны аяқтауым керек деген алдыма мақсат қоямын. Ал кумир дегенге келсек, менде нақты бір кумир жоқ. Ұнайтын актёрлер көп, солардан ең мықты қасиеттерін алуға тырысамын. Ал егер бір нақты кумирым болса, оған еліктеп кетуім мүмкін. Менің бір айтар сөзім бар, біз еліктеп өскендер – еліктеген біреуге.

Кино саласына деген қызуғышылығы туралы
2019 жылдың аяғында мен Алматыға барып бір-екі киножобаға қатысып келдім. Сол кезде киноға түсуге менде бір қатты қызығушылық болған. Бірақ Алматыға барып, сол жобаларға қатысып келген соң, кино саласына қызығушылығым өзгерді. Енді мен түсірілім алаңында актёр рөлін емес, режиссердің көмекшісі немесе кастинг-директор рөлін атқарғым келеді. Өзімде бір көшбасшылық қасиеттерді байқадым, сол себептен өзімді басқа қызметте де сынап көргім келеді.

Рэп саласындағы шығармашылығы туралы
Рэп оқумен бұрыннан айналысқам. Бірақ театрға келген соң рэпты қойып кетем деп ойладым. Себебі рэппен қазіргі кезде көтерілу оңай емес. Бірақ музыка, рэп деген дүниені тастау мен үшін өте қиын болды. Сол себептен 2018 жылы өзіме жеке студия ашып, дарынды жігіттерді жинап команда құрдым. 2019 жылы «Давай на тет-а-тет» атты EP альбомының пилоттық версиясын шығардық. Альбом жарық көргеннен кейін бізді халық тани бастады. Қазақстанның біршама қалаларынан құттықтаулар келді. Көбі «Алматыдансыңдар ба? Алматыға келесіңдер ма?» деп сұрайды. Сол кезде Оралда тұрғанымыз бізге кері әсерін берді. Көптеген шара, байқаулардан тыс қалдық. Альбомның ішінде «Азия», «Каспи Ред», «Кетпе-кетпе», «Балконда» деген тректер кеңінен тарап кетті. Көбінің көңілінен шықты.

Рэптың өміріндегі маңызы туралы
Рэп мен үшін хобби емес. Негізі «екі кеменің басын ұстаған суға кетеді» дейді ғой. Мен өзім театрды да хип-хоптыда екеуін бірге алып жүргім келеді. Екі кеменің басын ұстап көргім келеді. Керек болса суға да кетуге дайынмын. Бірақ бірінші орында театр мен кино.

Қазақстан киносаласындығ ең сүйікті тұлғалары туралы
Қазіргі кезде жас кинорежиссер Ернар Нұрғалиев пен Жандос Айбасовтың соңғы кинотуындысы өзіме қатты ұнады. Сол сияқты сапалы киножобалардан маған ұсыныс түсіп жатса мен қуана-қуана келісер едім. Ал егер Қазақстандағы ең мықты үш актерге тоқталсақ, елімізде жақсы актёрлер көп дегім келеді. Мен өзім Дәурен Серғазинді (Брат или брак, Қазбат), Еркебұлан Дайыровты (Алмаз қылыш, Қарлығаш ұя салғанда), Нышанбек Жұбанаевты (Ва-банк) атап кетер едім.

Әлем бойынша ең үздік актерлер
Біріншіден Уильям Дефоны айтам. Содан кейін Роберт Дауни-джуниор. Чарли Ханнэм да ұнайды. Ал режиссерлерге келсек, олар – Гай Ричи, Квентин Тарантино және Тимур Бекмамбетов. Соңғысы тек қана қазақ болғаны үшін емес.