Бахтияр ТАШКЕНБАЕВ:
Орал қаласының көпбейімді ауруханасының директорының емдеу ісі бойынша орынбасары

«Егер сізде паника болса – сіз 50%-ға коронавирустан жеңіліп қалдыңыз»

ҚАЗІРГІ ЭПИДЕМИОЛОГИКАЛЫҚ СИТУАЦИЯ
Қазіргі таңда коронавирусқа байланысты ауыр науқастардың басым бөлігі біздің ауруханада шоғырланған. Бүгінгі күні ауруханада 300-ден астам науқас бар. Күніне кемінде 30-ға жуық науқас түсіп жатыр. Олардың үштен бір бөлігі ауруханаға түскеннен кейін 3 күн бойы кислородқа тәуелді болады. Сондықтан да біздің ауруханаға өте үлкен күш түсіп жатыр.
Біз әлемдегі ең үздік емдеу протоколдарын зерттедік. Қазір бізде науқастарды қалай емдеу керек екенін толық түсіндік. Сондықтан да мен халыққа дүрбелеңге түспеңдер деп үндеу жасаймын.
Біздің ауруханаға тікелей келуге болмайды, себебі бұл карантиндік аймақ. Тек қана жедел жәрдем шақырып, коронавирус оң болса, біздің ауруханаға жеткізу мүмкіндігі бар. Егер де сізде коронавирус оң болмаса немесе ол дәлелденбеген болса, облыстық ауруханаға немесе өзіңіздің поликлиникаңызға баруыңызға болады.

ВИРУСТЫ ТЕК БІРІГІП ЖЕҢЕМІЗ
Коронавирус ауруын жеңгіміз келсе, біз ел ретінде, мемлекет ретінде бәріміз бірігіп нақты іс-қимылдар жасау керекпіз. Тек бәріміз бірге іс-қимыл жасау арқылы ғана біз бұл ауруды жеңе аламыз. Қазіргі таңда біз шамамыз келгенше күндіз түні ауруханадан шықпай еңбек етіп жатырмыз. Бірақ медицина қызметкерлерінің мүмкіншіліктері шексіз емес. Сол себепті сіздерден де үлкен көмек керек. Біріншіден, әр адамның әлеуметтік тұрғыдан жауапкершілігі жоғары болуы керек. Әр адам мүмкіндігінше өзін барынша таза ұстауға тырысу керек. Сырттан келгенде қарапайым кір сабынмен колды бірден жуып, күніне кемінде 8-9 сағат тиянақты ұйықтап, 2-3 рет дұрыстап тамақтанып, мүмкіндігінше шөлдемеуге тырысу керек. Жәнеде көпшілік бар жерде міндетті түрде маска кию керек. Егер сіз оңашада болсаңыз, таза ауада жүрсеңіз, айналаңызда 5-10 метрде ешкім жоқ болса, көлікте жалғыз отырсаңыз, маска киетін қажеті жоқ. Масканы басқа адамдарға жақындаған кезде киюге тырысу қажет. Ал таза ауада терең, кең демалу керек.

ПАНИКАҒА – ВИРУСТЫҢ КӨМЕКШІСІ
Егерде сізде коронавирустың белгілері, яғни тамағыңыздың қышуы, дәм мен иіс сезудің жоғалуы, температураңыздың көтерілуі, жөтел пайда болса, ешқандай да қорқудың қажеті жоқ. Бірінші кезекте сабырлы болу керек. Егер сіз сабырлы болсаңыз, сіз 50 пайызға ауруды жеңдім деп ойлаңыз. Егер сізде паника болып, қатты әбігерленетін болсаңыз, сіз 50 пайызға бұл аурудан жеңіліп қалдыңыз десеңіз болады. Сондықтан да өте сабырлы болу керек. Жәнеде ден-саулық сақтау министрлігінің ресми сайтында үй жағдайында қалай күтілу керек екені жазылған. Сол ережелердін барлығын міндетті түрде сақтау керек.

АНТИБИОТИК ҚАБЫЛДАУ – ИММУНИТЕТКЕ ҚАУІП
Қазір халықтың көп бөлігі антибиотиктерді өте көп мөлшерде пайдаланып жатыр. Кейбір адамдар тіпті ешқандай ауру белгілері жоқ болса да антибиотик ішіп жүр. Бұл мүлдем қате. Антибиотикті тек қана қажет жағдайда пайдалану керек. Қажет емес жағдайда пайдаланса антибиотик имунитетті түсіреді. Ал иммунитеті төмен адамда коронавирус инфекциясын жұқтырту мүмкіндігі жоғары. Сондықтан да температура 3 күн бойы 38 градустан түспей жатса, жөтел мен ентігу күшейіп бара жатса, қан анализында лейкоциттер жоғары болса, тек қана сол жағдайда антибиотик тағайындау қажет. Басқа жағдайда бұп қарапайым ЖРВИ ретінде емделеді.

ПАРАЦЕТАМОЛ МЕН АСПИРИННІҢ ЖОҚ БОЛУЫ ПРОБЛЕМА ЕМЕС
Көп адамдар парацетамол немесе аспирин дәрілерін іздеп, әуре болып жатыр. Дәріханаға барып парацетамолдың өзін ғана сұрамаңыздар – құрамында парацетамолы бар дәрілер өте көп. Олардың аттары сан түрлі болады. Сол себепті құрамында парацетамол бар дене қызуын түсіретін дәріні беріңіз деп сұрау керек. Аспиринге қатысты дәл солай. Құрамында аспирины бар дәрілер өте көп. Мысалы, «Тромбо АСС», «Кардиомагнил», «Астромбин» деп атала береді.
Ең маңызды нәрсе, коронавирустың симптомдары пайда болса, күніне кемінде 3-5 рет тамағыңызды фурацилин немесе хлоргексидиннің әлсіз ерітіндісімен шайқау керек. Тамақты, ауызды, мұрын қуыстарын жуып тазалап тұру керек. Ол вирусқа әсер етіп, оның күшін әлсіретеді. Вирустың әрі қарай дамуына мүмкіндік бермейді. Осы қарапайым ережелерді сақтасаңыздар, бізге үлкен көмек көресетер едіңіз.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖАУАПКЕРСІЗДІК ДӘРІГЕРДІҢ ТӨККЕН ТЕРІН ЖОҚҚА ШЫҒАРАДЫ
Дамыған елдерде КВИ-дің азаюының ең басты себебі – халықтың әлеуметтік жауапкершілігінің жоғары болуы. Әркімнің санитарлық дәрігерлердің айтқан ұсынымдарын толық орындауының арқасында бұл ауруды азайта алды.
Медицина қызметкерлері барын қолынан келгенше істейді, жұмыс қанша қиын болса да, қанша шаршасақ та, соңғы тамшы қанымыз қалғанша, соңғы деміміз шыққанша адал еңбегімізді істейміз. Сіздердің тарапыңыздан сұрайтыным медицина қызметкерлерінің ұсыныстарын толық орындау, абыржып, халықты дүрбелеңге салмау.