Жасқайрат Уәлиолла: «Өнер жолы ауыр дегенге бұрын сенбейтінмін. Бірақ, оған көзім жетті»

Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театрыныңкөркемдік жетекшісі

Актерлік өнерге қалай келдіңіз?

Мен актерлық өнерге аяқасты келдім. Алғашында виолончель мамандығы бойынша Орал қаласының Құрманғазы атындағы саз колледжінде дәріс алып, алған білімімді консерваторияда жалғастыруды мақсат етіп, Алматы қаласына бардым. Ол жақта өзім секілді өнерлі жас жерлестерім кездесіп, мені Т.Жүргенов атындағы өнер академиясымен таныстырды. Ғимаратты аралап жүрген сәтте мені Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының актеры  Ерлан Біләл мырза көріп, қай жақтың баласы екенімді, қандай мақсатпен келгенімді сұрап, бұрын қандай өнер немесе спортпен айналысқаныма қызығушылық танытты. Өзімнің консерваторияны мақсат етіп келгенімді айтып, ол кісі менің дауысымды тыңдап,  спорттың таеквондосымен айналысқаныма таң қалып, осы оқу орына тапсыруға шақырды. Шешім қабылдап, барлық емтихандарға дайындалып, өте жақсы балл жинап, грантқа түстім.

М. Әуезов атындағы театрына қызметке тұруға арнайы шақырту алдыңыз ба?

М. Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрына 4-ші курсқа аяқ басқан кезде шақырту алып, жұмысқа орналастым. Оның алдында академия қабырғасында оқып жүріп те театр қойылымдарында массада ойнапжүрдім. Сонымен қатар, 3-ші курстың соңында Мәскеуде болған фестивальге қатысып, гран-при ұтып алдық. Қазақ өнерінің қара шаңырағында көп деген елге танымал актерлер қызмет жасайды. Өздеріңіз білетін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Бекжан Тұрыс, Дулыға Ақмолда, Азамат Сатыбалды секілді тұлғалармен әріптес болу мен үшін өте үлкен жетістік болды. Жұмыс барысында Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясында Ақанның інісі Мұраттың рөлін сомдадым.

Бұл театрдан кетуге не себеп болды?

Жерлесіміз театр режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, мәдениеттану саласының (PhD) докторы Асхат Маемировтың «Ақ тастағы Ахико» қойылымында Ахиконың жас күнін ойнауым керек болған, алайда премьераға 20 күн қалғанда Орал қаласына отбасылық жағдайыма байланысты  шұғыл қайтуым керек болды.  

Көркемдік жетекші лауазымының ерекшеліктері қандай?

Жалпы көркемдік жетекші театрдағы барлық шығармашылық құрамға жауапты адам. Оның мойынында әр қойылым, оның репертуары, актерлерге берілетін рөлдер бар.

Карантин театр өміріне қалай әсер етуде?

Карантин теартдың күнделікті тіршілігіне өз кедергілерін келтірді. Осы жылдың наурыз айының 16-нан бастап  «Хадиша әлемі» атты театрішілік фестивалін ұйымдастыру жоспарымызда болған. Фестивальге Нұр-Сұлтан қаласынан Қуанышбаев атындағы музыкалық-сазды театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі Мирас Әбіл, театр танушы Анар Еркебай,   М.Әуезов театрынан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер Е.Дайыров секілді тұлғалардан құралған әділ-қазылар алдында 5 қойылым сайысқа түсіп, қойылымдардыңдеңгейін анықтап, бағытын анықтау мақсатымыз болды.  Әріптестер арасында азда болсын мотивацияның болғаны артық етпейді. Себебі «Үздік ер адам бейнесі», «Үздік әйел адам бейнесі» секілді номинациялар берілуі тиіс еді. Ағымдағы жылдың бірінші жартысында көрсетілуі  тиіс қойылымдарымыз кейінге шегеріліп, қыркүйек айында Жұбан Молдағалиев атамыздың 100 жылдық мерей тойына орай «Жұбан» атты драмалық қойылымға дайындап жатырмыз. Авторлары мемлекеттік сыйлық иегері А.Бақтыгереева және М.Омарова, ал режиссері Гаухар Мангулова. Сонымен қатар, онлайн режимде Қадыр Мырза Али атамыздың мерей тойына байланысты атаның поэзия әлемінен бейне роликтер тамыз айы бойынша жасалуда. Алда жоспар өте көп. Барлығы Алланың еншісінде.

Өзіңіз пір тұтатын (кумир) әлемдік және отандық актерлердің 3-тігін атап берсеңіз?

Әлемдік танымал актерлардың ішінде өзіме Джеймс Франко, Джеймс Макэвой, Константин Хабенский ұнайды. Сондай-ақ, бала күннен бергі келе жатырған кумирым, өзім еліктеп өскен актерым Сергей Безруковты атамай кете алмаймын. Ал, отандық актерлерден Төлеубек Аралбай, Дулыға Ақмолда және Ерлан Біләл ұнайды.

Сізбен қойылым немесе  кинода бірге ойнаған актерлардың ішінен үздік деп кімді атар едіңіз?

Қойылымдарда маған серік болған актерлардың ішінде Дулыға Ақмолда, Еркебұлан Дайыров, Ербол Есендосовтың мықты актерлер екенін мойындаймын.

Кино әлеміне шақырту алып көрдіңіз бе?

Кино әлеміне  2-ші курс оқып жүрген кезімде шақырту алып көрдім. Ол Мәскеу қаласында түсірілгелі жатырған «Ультра» фильміндеге басты рөлге, яғни хакердің рөліне өткен болатынмын. Алайда, емтиханмен тұспа-тұс келіп, бас тартуға тура келді. Жалпы отандық сериалдарға шақыртулар алып жүрдім. Бірақ, жоғарыда атап өткендей академия қойылымдарымен бірге алып жүру қиындау болды.

Болашақта театр әлемінен киноға бір жола кетіп қалу ойыңызда бар ма?

Театрдан кино әлеміне бір жола кетіп қалу ойымда жоқ. Себебі киноны сезондық деп көремін. Бір кезде бар, кейбір кезде тоқтап тұрады. Ал, театрда актер күн демей, жыл демей жаттығу үстінде болады деп есептеймін. Егер, әрине киноға түсуге шақыртулар болса, физикалық тұрғыдан шама келгенше театрда да ойнауға, киноға да түсуге қарсы емеспін.  

Өнер жолына баруға құштар жасөспірім жаңа буын іні-қарындастарыңызға ағалық және өз кәсібінің майталманы ретінде қандай кеңес тілектеріңізді білдірер едіңіз?

Өнер жолы ауыр дегенге бұрын сенбейтінмін. Бірақ, оған көзім жетті. Өйткені актерлық мамандық әрдайым ізденісті, шығармашылық жағынан шынығып тұруды талап етеді. Актердің еңбектенуіне кітап оқудың әсері өте зор. Себебі шығармашылық адамға өз көрермендерінің алдында рухани бай, интелектуалдымықты болуы өте маңызды. Актер мамандығына қызыға қарап, актер болуды мақсат еткен жастарға айтарым: көп кино қараңдар, зерттеулер жүргізіңдер, камераның алдында жұмыстануды үйреніңдер. Көбісі ойлайды актер болу оңай деп. Бірақ, жеңіл-желпі қарап, көп актердің біреуі болғанша, еңбектеніп арасынан жарып шыққан жұлдызы болғанға ештеңе жетпейді. Соңғы сөзімді Бауыржан Момышұлы атамыздың «Бұл жерде еңбек және тиянақтылық керек» деген қанатты сөзімен аяқтағым келіп отыр.