Бибінұр ХАМИТ – танымал блогер

«Оқырман санын толтыруға асықпаңыз. Біріншіден өз бағытыңызды таңдаңыз».

Блогерлік жол қалай басталды? Ең алғашқы танымалдылық жинап берген жазбаң қандай?

Инстаграмды тұрмыс құрып,  қызым дүниеге келгенде ғана белсене қолдана бастадым. Оған дейін сабақта оқу, мектепте жұмыс деп әлеуметтік желіге уақыт кетірмейтінмін. Блогер аналарға жазылып, пайдалы сәби күтімі, қарым-қатынас, флай леди туралы парақшаларды оқи жүріп: ” Неге маған да білгеніммен бөліспеске ” – деп тәуекел етіп бастадым. Танымал еткен алғашқы жазба емес, видео. Қызым жастан асқан кезі ас үйде дастархан басында әкесімен өз тілінде диалогын жүктегенмін. Сол видео барлық пабликтерге тарады. Көбісі қызымның қылықтарына сүйсіне қарайтын.

Негізгі мамандығың биология пәнінің мұғалімі екен. Өзіңнің кәсіби мамандығыңа қайта оралу ойда бар ма және неліктен адамдар өз мамандығында қалмай  басқа салаға кетуде?

Мамандығыма оралу ойымда бар. Жақында ғана өзім жұмыс жасаған гимназиядан хабарласып хал жағдайымды біліп, жұмысқа шығу туралы ұсыныс білдірді. Қуанып қалдым. Бірақ мұғалімдік оңай жұмыс емес. Стресстік жағдай жиі туындайды. Жұмыстан үйге келгенде балаларыма берілгенін қаламаймын. Алаңсыз өсіп кеткенше өзіммен тыныштықта, үйіме жайлылық пен жылу сыйлағым келеді. Жолдасымның өсуіне де үлкен қолдау екеніне көзім жетті. Мамандыққа неге оралмайды деген сұраққа келсек, декретте аналар сүйікті ісімен шұғылдануды қолға алады. Кейін сүйікті ісі жақсы табыс әкелетініне көз жеткізгенде “менің жолым” осы деп шешім қабылдайтын секілді. Өйткені мамандығына оралмаған аналардың көпшілігі қолөнер, тігін, торт пісіру, тырнақ бояу, визажист, бизнес ашып жатады. қарап отсаң бұл мамандықтар тек училищелерде оқытылады. Ал бұрын ата-ана үшін бұрын баласының жоғары оқу орнына түскені мәртебе секілді көрінетін. Айтпақшы, жолдасым да өз мамандығын тастап, оқытушы магистр жұмысынан фотоөнерге кетті. Бұл таңдау ата-анамыздың біраз келіспеушілігін тудырған болатын.

Блогердің бір күндік өмірі әлеуметтік желіде желдей есетінін барлығымыз білеміз. Жалпы камерадан тыс өмір, дәл инстаграмдағыдай өтеді ме?

Камерадан тыс өмір инстаграмдағыдан да қанық өтеді. Қазақ болған соң ұяңдық болады. Сол себепті барлығын бірдей салуды жөн көрмеймін. Бәрі орнымен. Кейде осы бір күн сторис түсірмейінші, күнім қалай өтеді екен деп сынаймын. Сонда әбден бір күн өткен соң “қап түсіріп алуым керек еді” деп өкінемін. Себебі оның барлығы естелік.

Өзіңе көбінесе қыз-келіншектер көп жазылады. Жалпы үй шаруасы мен блогерлік жұмысты алып жүрудегі қызықтар мен қиындықтар қандай?

Қызықтар көп. Қазір ғой менің блогер екенімді туыстарым, достарым біледі. Мен  стористе сөйлеп болғанша кедергі келтірмейді. Үйде тағамды түсіргенде “Бол, тез, түсіріп тұрма он сағат” деп шыдамсызданатын. Қазір бәрін шапшаң түсіріп алған соң тамаққа шақырамын. Үйдегілер де : “Түсіріп алдың ба, жей берейік пе?” – деп күлдіреді.

Инстаграмда танымал болмас бұрын, өзің қандай блогерлерді оқып, кімдерден үлгі алдың және қазір ол парақшаларды әлі күнге дейін оқисың ба?

Өзім тек өзіме керекті пайдалы парақшаларға жазылғанмын. Торт пісіргенді ұнатамын. Жиі пайдалы ақпаратпен бөлісетін @laukin_cakes торт пісіретін. Боямасыз отбасылық өмірді көрсетуші @aru_sagi. Өмірге шексіз ғашық @dinara_bolat.

Сенің парақшаңның басқалардан ерекшелігі қандай және оқырмандар арасында жылы лебіз білдіріп, басынан өзіңмен бірге келе жатырғандары бар ма?

Әрине менің бір бөлмелі пәтер жалдап, үйлі болуды армандап жүрген кезімнен бері қарайтын оқырмандарым бар. Қашанда қолдау білдіріп отырады. Ерекшелігі өзге парақшаларға ұқсамайды. Жүрегім қалағандай жүргіземін, инстаграм трендтеріне ұнамаса ермеймін.

Бұл кәсіпті тастап кету ойда болды ма? Алғашқы хейтерлердің комментарийлеріне реакцияң қандай болды және оларға қарсы қолданған амалдарыңмен бөліссең?

Блогерлікті тастамаймын. Шаршасам ештене жазбай демалуыма болады. Хейтерлерге келер  болсақ, менің пікіріммен келіспеуге әркімнің құқығы бар. Жағымсыз пікірге қызумен бірден жауап жазуға асықпаймын. Бір-екі сағаттан соң ойымды жинақтап, буымды басып жауап беремін. Оларды түсінуге тырысамын. Ал менің және балаларымның жеке басына, дене бітіміме, бет әлпетіме қатысты тіл тигізетін жандарды блокқа саламын.

Құпия болмаса, блогердің жылдық жалақысы қанша қаражатты құрайды және бұл мамандықтың пайдалы, әрі пайдасыз тұстарын атап өтсең?

Блогер жалақысы оның парақшасының подписчик санына емес охватына, оқырмандардың оған жылы қарайтынына, оларды қалай қызықтыратынына байланысты. Жылдық жалақы миллионнан асады. Мен өз парақшамнан бөлек 3 парақшаға копирайтерлік қызмет көрсетемін. Оған қоса сапалы косметика, бренд киімдер, ыдыстар, салондардан түсетін бартерлік ұсыныстар түседі. Курс өткізсе айына миллион табуға болады.

Өзің секілді танымал блогер болғысы келетін жандарға қандай кеңес бересің және оқырмандар санының өсуі үшін ең қажет деген қандай 3 ұстаныммен бөлісер едің?

Біріншіден, қазір көбі  оқырман санын толтыруға асық. Асықпаңыз. Өз бағытыңызды таңдаңыз. Сол таңдаған бағытта кемінде 4-5 жылдай үзбей жаза аласыз ба? осы сұраққа жауап іздеңіз. Екіншіден, Сені оқитын кім? Аудиторияны танып, көз алдыңа елестете отырып жазу. Үшіншіден, оқырмандармен кері байланыс. Сұрақтарына жауап беру, пайдалы болу. Үздіксіз іздену.