Бүгін Орал қаласында «Ашық жүрек» әлеуметтік жобасы орталығының ашылуы өтті. Шараға қала әкімі Абат Шыныбеков қатысып, жобаның алдағы жұмыс барысымен танысты.

Жоба Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Волонтерлер лигасының»  жүзеге асыруымен  басталған болатын. Бүгінде еліміздің 17 қаласында аталмыш жобаның орталықтары ашылған. Жоба 7 бағыт бойынша «Birgemiz» жалпыұлттық тұжырымдамасы аясында жүзеге аспақ. 

– Қазіргі таңда «Еріктілер лигасында» жүзге жуық волонтер бар. Әрбір еріктіге көмек көрсетеміз. Басты мақсатымыз – жастардың жаңа жобаларына қолдау білдіру. Біз таңдап алған 7 бағыт бойынша жобалардың жүзеге асуына мүмкіндік береміз, – деді БҚО бойынша «Қазақстан волонтерлер лигасының» директоры Алтынбек Бисенов.

Ауқымды жобаларды жүзеге асыруда еріктілер қозғалысының маңызы зор екенін атап өткен шаһар басшысы Абат Абайұлы:

– Биылғы жылдың ең басты жаңалығының бірі – мемлекет басшысының осы жылды «Еріктілер жылы» деп жариялауы. Бүгінгі таңда Оралда 100-ден аса еріктілер ұйымы, 2000-ға жуық ерікті жастар бар. Бізді «Қазақстан волонтерлер лигасы» штабының қаламызда ашылғаны қуантады. Еліне, жеріне белсенді атсалысып, жанашырлық танытып жүрген жастардың басын біріктіретін ұйымның ашылғанына қуаныштымыз. Жалпы қазіргі қоғамда мейірімділікке ұмтылатын азаматтардың ниетін бір  ортаға бағыттау – үлкен жұмыс. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін, – деді.

Лига жастарын өңір және қала жастарынан құралған ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс жасауға шақырған облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрхат Ораш орталық  жұмысына сәттілік тіледі.

Айта кетейік, алдағы уақытта аталмыш жоба аясында шағын гранттар берілетін болады. Құны 300 мың теңгеден басталатын барлығы 107 грант республика жастарының жаңа бастамаларын жүзеге асыруға мол мүмкіндік сыйламақ.

Шағын гранттар конкурсына үкіметтік емес ұйымдар, бастамашыл топтар және жеке тұлғалар қатыса алады. Толығырақ ақпаратты «liga.org.kz.» платформасы арқылы алуға болады.