Батыс Қазақстан облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен, «Жас дем» ЖҚБ ұйымдаструымен  2020 жылдың қыркүйекайының 14-17 күндері аралығында  облысымыздың Жаңақала, Казталов және Ақжайық аудандарының жастарымен «Жастар керуені» атты ақпараттық-түсіндіру тобының кездесулері  өтті. Атаулы жобаның негізгі мақсаты – ауыл жастарына мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру, олардың бос уақытын тиімді пайдалануына және жаңа жобаларды жүзеге асыруға шақыру, ауыл жастарының өзекті мәселелерімен танысып, сұрақтарына жауап беру болып табылады.

Керуен құрамында мемлекеттік бағдарламалар, кәсіпкерлік, отбасы тәрбиесі бағытындағы тренерлер,  жоғары лиганың  жайдарманшылары, облысымыздың жас өнерпаздары мен  спортшылары бар. Атап айтқанда жастар арасында кең танымал самбодан әлем чемпионы Бақыт Ерасыл, футболды фристайл бағыты бойынша Айболат Кубашев, «Жаңа толқын» жайдарман командасы және өзге де тренерлер мен  өнерпаз жастар бар.

Керуен құрамындағы әрбір адамның өз мақсаты мен міндеті бар. Мысалы психолог маманның негізгі міндеті ауылдық жердегі жастармен соның ішінде жас отбасылармен жұмыс жасау, отбасы құндылықтарын түсіндіріп, оны сақтап қалудың тетіктерін үйрету, бала тәрбиесі тақырыптарында ой қозғау болып табылады. Әрбір маман мен кеңесшілер ауылдық жердегі жастардың нақты мәлелерін шешуге ықпалдасып, шешу жолдары бойынша толықтай кеңес берілді.

Шара үш бөлімнен тұрып, бірінші бөлімде ауыл жастарымен кездесу, керуен құрамындағы мамандармен еркін пікір алмасу, жобаның мақсат-міндетін түсіндіру болса, екінші бөлімде бизнес бастау, отбасы құндылықтары бойынша тренингтер мен самбо мен футболды фристайлдан шеберлік сағаттар өткізілді. Кеш құрым жастар өнер көрсетіп, концерттік бағдарламаға ұласты.