ҚазНеттің басты жиһангезі Яков Федоров пен жергілікті блогерлер мен жастардың қатысуымен басталған Экспо-тур осы демалыс күндері Ақжайық, Жаңақала, Бөкей Ордасы аудандарын аралады. Біздің қатарымызға Орал қаласына дейін автостоппен жеткен самаралық турист Артем Живогляд қосылды. Сапарымыз Ақжайық ауданы Чапай ауылында Василий Иванович Чапаевтың музейін аралаумен басталды. Музей сол кезде штаб-пәтер болған үй мен кейінірек салынған үйдің ғимаратымен жалғасып кетеді екен. Алдымен, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы, қазіргі тәуелсіздік жылдарындағы аудан тарихымен, ауданды мекендейтін жануарлар әлемімен таныстыратын залдарды араладық. Содан кейін штаб-пәтер болған сол кездің көзіндей сақталған, Чапаевтың қолмен ұстап, көзбен көрген заттарымен таныстық. Чапаевтың соңғы шайқасы бейнеленген диорама сол түнгі шынайы оқиғаны көз алдыңа әкеледі.
Алған әсерімізбен бөлісе отырып, Жаңақала ауданының Қызылоба ауылындағы ауыл тұрғындарының көпшілігін жұмыспен қамтып отырған «Хафиз» шаруа қожалығына келдік. Біздер, мал шаруашылығымен айналысатын қожалықтың қысқы жеп-шөп жинау науқанына тап болған екенбіз.

Жаңақала – облысымыздағы халқының әлеуметтік жағдайы жоғары аудандардың бірі болып табылады. Аудан әкімінің орынбасары Асхат Жомартұлының сөзі бойынша 2 млн.100 га жердегі аудан территориясында 475 шаруа қожалығы болса, олардың 25-і асыл тұқымды мал өсірумен айналысып отыр. Біздер «Хафиз» шаруа қожалығынан кейін, осы ауданның символындай болып кеткен, қанша жылдан бері сақталып, дамып келе жатырған еділбай қойын өсірумен айналысатын «Бірлік» мал зауытына келдік. Мұнда дәл қазір 15 мың 200 бас еділбай қойы өсіріліп жатыр екен. Халықтық сұрыптаудың нәтижесінде алынған бұл асыл тұқымды қой ыстыққа, суыққа шыдамды. 4 айлық қозыларының өзі 40-45 кг салмақ жинап, тез жетіледі. Еділбай қойы қазірде республиканың барлық өңіріне және алыс-жақын шет-елдерге жақсы сатылып жатыр. 1968 жылдан қазірге дейін бұл шаруашылықтан 160 мың бас қой сатылған екен.
Аудандағы мал шаруашлығы тек қой өндірумен ғана шектелмейді, сондай-ақ 2005 жылы құрылған «Мұса» шаруа қожалығы асыл тұқымды герефорд, абердин-ангус секілді асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытып отыр.
Мақсат етті бағыттағы ірі-қара мал өсіру. Шаруашылықта АҚШ-тың Монтано штатынан әкелінген 278 герефорд, 553 абердин-ангус тұқымды мал саны өсуде.

Екі ауданды артқа тастап, ұясына батқалы жатқан күннің әлсіз сәулесімен жарысып, Хан ордасына жеттік. Орда ауылында жаңадан салынған жайлы қонақүй бізге есігін айқара ашты.
Ордамен танысу Бөкей Ордасы тарихи-музейлік кешенінен басталды. Осының алдында аралаған Шыңғырлау ауданының тарихы адамды елітетін аңыздарымен қызықтырса, Хан Ордасы өзінің тарихи шындығымен өзіне тартады. Бұл музейге облыстың аудандарынан оқушылар, жастар, шекарлас Ресейден көршілер және шет елдік қонақтар жиі келеді екен.

Хан ордасы өзінің европалық стилімен ерекшеленеді. Музейді аралап жүріп ең басты түсінетініңіз Жәңгір хан орыстардан үйренген ең жақсы, ең пайдалы деген идеяларды өзінің ордасында да жүзеге асырып кеткен. Ең алғашқы мектеп те, ең алғашқы баспахана, қазынашылықта осы жерде салынған. Жәңгір хан өзінің жазғы қонысында дүние салғанымен, сүйегі осы жерге көшіріліген. 1997 жылы Орда ауылының сыртынан Жәңгір хан мен Фәтима ханшаның мәйіттерінің үстінен батырдың дуылғасына ұқсас формада күмбез тұрғызылған. Қазір ашық аспан астындағы музей болып тұрған бұл ауылға, әрбір қазақтың аяғы тию керек деп есептеймін. Өз тарихымыздың құнды жәдігерлерін көзбен көргенге не жетсін.