Батыс Қазақстан облысына сапары барысында Елбасы өңірдің белсенді жастарымен де кездесті. «AQJAYIQ» телеарнасының редакторы Нина Павлычева «100 жаңа оқулық» жобасы бойынша қазақ тіліне аударылған «Медиа этика» кітабын оқып, көкейге түйгендігін жеткізді.
Жас продюссер, медиаменеджер Алпамыс Шаримов продюссер ретінде жетекшілік етіп, өз саласы бойынша Елімізді әлемдік деңгейде танытуға мейлінше ат салысып жүргендігін, ұлттық мәдениетімізді дамытуға мүмкіндік берген, сананы өзгертіп халыққа терең ой салған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жайлы ойын айтты.
Сол секілді М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Зарина Ықсанова Президенттің Бес әлеуметтік бастамасы аясында облыста жаңадан жатақханалар салынып жатқаны жастар үшін үлкен қуаныш екендігін жеткізді.
Ал жас кәсіпкер Асхат Рамазанов өзінің жаңа жобаларымен таныстырса, Кенжеғалиева Нұргүл өңірдің жас кәсіпкерлері атынан елбасыға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатырған көмек үшін алғысын білдірді.
Елбасы Н.Назарбаев осы орайда жастарға қазіргі уақытта мемлекет тарапынан мол мүмкіндіктер жасалып отырғанын айтып, оларға жаңашылдық жолында табыс тіледі.