Бүгін Батыс Қазақстан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында «PLACE OF MERCY» атты қайырымдылық Гранд бал жобасының іріктеу кезеңі және аталмыш шараның өтуі туралы» тақырыбында БҚО Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Аян Қажимерұлы Сакошев, дәстүрлі қайырымдылық Гранд бал жобасының авторы  Алпамыс Өскенбайұлы Шаримов, жобаның директоры, хореограф-балетмейстер Қарлығаш Қадырбекқызы Қадырбекованың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.

Брифинг барысында БҚО Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Аян Қажимерұлы қаламызда дәстүрлі түрде өтетін қайырымдылық шараның жастарды отаншылдыққа, адамгершілік құндылықтарына тәрбиелеу мен олардың мәдени деңгейін көтерудің маңызы зор екендігін тілге тиек өтті.

– Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын қолдау мақсатында ағымдағы жылдың 8 – қыркүйек күні Орал қаласында дәстүрлі түрде IV қайырымдылық Гранд балына қатысушылардың іріктеу кезеңі өтеді. Дәстүрге айналған жобаның дебютанттарының қатарына өту үшін облысымыздың, республикамыздың 18-29 жас аралығындағы жастар қатыса алады. Іріктеуден 60 қыз бала  және 60 ер азамат өтетін болады. Гранд бал жыл сайын 100-ден астам дебютант жастарды қамтып, республикамызға және шет елге танымал жұлдыздардың қатысуымен өтетін махаббат пен мейірімділіктің символына айналған еліміздің ең жарқын атаулы шарасы. Биылғы жылғы гранд балдың тақырыбы «PLACE OF MERCY» («Мейірім мекені»). Үш жыл қатарынан оздырылып келетін қайырымдылық шараға еліміздің жарқын жұлдыздары Димаш Құдайбергенов, Жанар Дұғалова, Мақпал Исабекова, Гүлнұр Оразымбетова, Ләйлә Сұлтанқызы, Тәуекел Мүсілім, Асылхан Төлепов, Кәмшат Жолдыбаева, «Евровидение – 2017» байқауының жеңімпазы Элдар Гасимов, «Бастау», «Алау» топтары қатысып келеді.

Бір ай көлемінде қатысушы дебютанттар мен эстрада жұлдыздарының қатысуымен бірқатар қайырымдылық шаралары жүзеге асырылады. Атап айтсақ, балалар және қарттар үйіндегі концерттік бағдарламалар, жүз отбасыға көмек: «Жүректен жүрекке» қайырымдылық акциясы, мотивациялық кездесулер және т.б. Қайырымдылық гранд балдың басты мақсаты – кештен жиналған қаражатқа белгілі бір қамқорлыққа зәру мұқтаж жанға көмектесу, – деді жоба авторы Алпамыс Өскенбайұлы.

Ал аталмыш жобаның директоры,хореограф-балетмейстер Қарлығаш Қадырбекқызы:

– Биылғы  қайырымдылық гранд бал ағымдағы жылдың 25 қыркүйек айында өтеді деп жоспарлануда. Шараны қолдап еліміздің танымал жұлдыздары Сәкен Майғазиев, Гүльнұр Оразымбетова, Бастау тобы, Нұрболат Абдуллин және тағы да басқа өнер адамдары болады. Республика бойынша 100-ден астам дебютанттар веналық вальс, финдік полка, квадриль билерін орындайды,–деді.

Самал ЖАМЕТ

БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметі