Жастарға арналған тың жобаларың мен идеяларыңды жүзеге асыра алмай жүрсің бе? Ендеше, бұл мүмкіндік – сен үшін!

2019 жыл «Жастар жылы» атануына орай Батыс Қазақстан облысында «Жастарға арналған 101 идея» қоғамдық науқаны бастау алды. Кампанияның мақсаты – барлық Батыс Қазақстан облысы жастарының ойларын және ұсыныстарын негізге ала отырып, жастар жылында жүзеге асырылатын жұмыстың басты бағытын анықтау.

Яғни, мемлекеттік қызметкерлердің өткізген шаралары көңіліңнен шықпаса, көкейде жүрген өз идеяңды ұсыну мүмкіндігі туып тұр. Ол қалай жүзеге асырылмақ дейсіз ғой, өте қарапайым. Кез-келген өңір тұрғыны жастар мәселелеріне қатысты  өз ойларын  «Ақжайық жастары» – zhastar-07.kz ақпараттық порталында өтетін арнайы сауалнама арқылы жеткізе алады, сауалнама барысындағы басым жауаптар жүзеге асырылатын жобалардың бағытын айқындайтын болады.  Одан өзге,  15 қарашадан бастап www.crowd.kz2050.kz краудсорсинг платформасында кез-келген тұлға өзінің нақты жобалары мен ойларын ұсына алады.

Ұсынылған пікірлер мен жобалар арнайы жастар арасында өткізілетін ашық алаңдарда, облыстық жастар форумында талқыланады және  ең үздік ойлар мен жобалар басқарма тарапынан жасалынатын «Жастарды дамытудың жол картасына» енгізіледі. Ендеше, берілген мүмкіндікті пайдалана отырып, өз идеяңды жүзеге асыр!

Махамбетқызы Әдемі