Жалынды, талантты, үздік спикерлердің қатысуымен Оралда «Жастар қуаты: Көшбасшылық. Жаңа бастамалар. Даму» жастар форумы өтті. Форум барысында бала армандарына сенген, қорқыныш пен қиындықты жеңе білген түрлі саланың көшбасшылары сахнаға шығып өз жетістіктерімен бөлісті. Шараның спикерлері NASA университетін бітірген алғашқы Қазақстандық, Nazarbayev университетінің даму және инновация департаментінің маманы, жас ғалым Дамель Мектепбаева, «Дарын» жастар сыйлығының иегері, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Олжас Сүлейменов, «Яндекс такси» БҚОФ директоры, Business Power жобасының жетекшісі Айнаш Бижанова, «Жилсстройсбербанк» БҚОФ директоры Диас Рахымжан, Назарбаев мектебінің 12 сынып оқушысы, жас ғалым Азиз Талапов, «Назар аудар» театрының актеры Ақболат Утебаев, әнші Райм және Артур дуэті болды.
Ғылым мен білімде, өнер мен бизнесте табыстың кілтін тапқан жастар өз замандастарына әрдайым өзіне деген сенімділік пен үлкен жігер, үздіксіз еңбек барлық жетістіктің бастауы екенін жеткізді. Бұл форум өзге форумдардан жаңа форматы мен өзгеше атмосферасымен ерекшелене білді. Жастардың жігерін көтеріп, санасын өзгерте білген форум ұзаққа есте қалары сөзсіз.