Бүгін Батыс Қазақстан облысында Жастар жылының ашылуына арналған басқосу өтті.

Оған облыс әкімі Алтай Көлгінов, Қазақстан Республикасы қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Асхат Оралов, «Болашақ» халықаралық стипендиаттары қауымдастығының атқарушы директоры Лаура Демесінова, «Қазақстан жастарының конгресі» ЗТБ атқарушы директоры Тоқтар Болысов және әр түрлі санаттағы облысымыздың жастары қатысты.

Спикерлер жастарды қолдау мақсатында атқарылатын жұмыстар мен қолға алынған бағдарламалар туралы айтып, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

«Кублей» ЖШС  жобалар бойынша директорының орныбасары Зәуре Берекешова, «Достар Стом» стоматологиялық клиникасының директоры Самат Ихласов, жас кәсіпкер Марат Әлжанов, ҚазИИТУ ғылыми-білім кешенінің инновация және жұмысқа орналастыру бөлімінің маманы Айя Бөлекбаева өз жобаларын ұсынды.

Жастар алаңы басқосуы – жастарды қолдау және ел өміріне белсенді қатысуға шабыттандыру, жас буын өкілдерін жан-жақты дамытудың табысты үлгісі ретінде «Жетістікке бастайтын жеті қадам» атты жастар жылында жүзеге асырылатын бағдарламалық құжаттың таныстырылымымен айшықталды.  Құжат «Ой-сананың ашықтығы», «Құндылық бағдар», «Өзіңді жақсы қырыңнан таныту», «Өнімді бастама – жетістік кепілі», «Жастар кәсіпкерлігі – ел экономикасын арттырудың жаңа тренді», «Жаңа технологиялар – өмірді жеңілдетеді», «Волонтерлық – қайырымдылық саласында ғана емес» атты жеті қадамнан тұрады.