Батыс Қазақстан облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен БҚО «Студенттік құрылыс және жастар еңбек жасақтарының штабы» ұйымдастыруымен Орал қаласында алғаш рет панна турнир өтті. Фристайлдың бір түріне жататын панна ойыны Оңтүстік Америка, Батыс Еуропа елдерінде жақсы дамыған. Дегенмен, қазіргі таңда біздің қаламызда да 100-ден осы спорт түрімен айналысатын жастар бар. Сол жастардың басын біріктіріп, бақ сынасу мақсатында Орал қалалық мәдени тынығу және демалыс саябағында 50-ге жуық жастар «PannaKz» турнирінде өзара үздіктерді анықтады. Балалар арасында Олжас Сабит жеңімпаз атанса, ересектер арасында Алихан Бахитжан үздік шықты. Жүлделі орындарға ие болған жастарға арнайы сыйлықтар, дипломмен медальдар табысталды. Алдағы уақытта жастарды қолдауға арналған шаралар жалғаса беретін болады.